Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет.

Сыбайлас жемқорлық ежелден келе жатқан құбылыс.

Тіпті жер бетіне адам пайда болғаннан бері келе жатқан құбылыс болуы мүмкін. Әрине, тарихи процесс барысында жемқорлық түрлері өзгеріп келеді. Қазіргі таңда жемқорлықтың жалпылама белгілері: лауазымды адамның өзге адамның пайдасына шешілген әрекеті үшін ақшалай, бағалы қағаз немесе мүлік ретінде алған парасы, лауазымды адамның қызметін пайдаланып туысын, жақынын қарамағына жұмысқа алу, мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың бір бөлігін өз қалтасына салу, мемлекеттің мүлкін талан-таражға салу.Сыбайлас жемқорлық қоғамдық өмірдегі ең қауіпті факторлардың бірі болып табылады, ол мемлекеттің жалпы ұлттық қауіпсіздігінің жағдайына ғана емес, сонымен бірге оның барлық құрамдас бөліктеріне де зиянды әсер етеді. Мемлекеттік сатып алу, мемлекет қаржысын талан-тараж етіп, ысырап қылу, жер телімін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни мемлекеттен жасырып қалу сияқты мемлекет қалтасына қауіп төндіретін жат қылықтар әлі де баршылық.

Қазіргі таңда қоғамымызға, қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр.

Жемқорлықпен қарсы күрес Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде анықталған.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананың феномені болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стретегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілетін айтады.Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті дегеніміз, ол сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтитын қасиеті. Ол индивидтің жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі ғана емес, сонымен қатар оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылады.

Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз ол жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық позиция. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тұлғада құқықтық шеңберде іс-әрекет етуі үшін белгілі бір біліктіліктердің болуын талап етеді, олар: жемқорлықты әлеуметтік зұлым ретінде тани білуі, сыбайлас жемқорлықпен күрес негіздерін және оның қоғам өмірінің кез келген саласында деңгейін төмендету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалана білуі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет адамның жоғары моральдық, құқықтық, саяси және басқа мәдениеттер негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу қабілетін білдіреді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қазіргі уақытта шынайы қажетті құбылыс мәртебесін иеленеді, оны әлеуметтендіру процесінде қоғамның барлық әрекетке қабілетті мүшелері игеруі тиіс. Өйткені, азаматтардың өз құқықтарын жақсы білуі қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына бірденбір ықпал ететін фактор болып табылады.

Еліміздің әрбір азаматы қандай да бір заңнаманы сәйкесінше қолдана білсе, мемлекеттік қызметкердің өз лауазымын заңсыз қолдануына жол бермесе, яғни заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиімді қолданса еліміз дерттен арылып, әлемдегі дамыған елдер қатарынан орын алуына үлкен үлес қосылар еді.