Орманымызды өрттен сақтайық!

Орманды сақтау-әрқайсымыздың қасиетті парымыз. Орман табиғаттың ұлы байлығы, оның қасиеті жайлы әр адам өзінің бес саусағындай жақсы білуі тиіс.

Бірақ, осы байлығымызды қорғап, аялай білу керектігін тіпті кейбір ересек адамдардың өзі ескере бермейтіні өкінішті-ақ.

Орманды оңай құртып жіберетін негізгі жау –өрт екенін естен шығармаған дұрыс. Кейде жауапсыздықтан болып жататын кішкене өрт салдарынан өмірдің нәрі өсімдіктер ғана емес, жануарлар әлемі де қатты зардап шегеді. Сөйтіп, орман ондаған жылдар бойы жинаған адамға тиімді құндылығынан айырылады.

Көрсетілмеген жерге от жағуға, шылым, сіріңке сөндірмей тастауға, орман маңындағы шөп басында от тұтатуға болмайтынын бәрі жақсы біледі, дегенмен қарапайым қауіпсіздік ережелері- орманды өрттен қорғайтынын ұмытпағанымыз абзал.

Орман мекемесі қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі осындай өрттердің алдын-алу болып табылады. Ол үшін алдымен тұрғындарға, демалушыларға өрт қауіпсіздігі ережесін жадында сақтап, жүруге шақырамыз.

Өрт шыққанын байқаған кезде бірден оны сөндірудің амалын қараңыз. Қолдан келсе, өрттің жойылуына жол бермеуге тырысыңыз. Егер тілсіз жау бағынбай жатса, орман қорғау қызметкерлеріне хабарласыңыз. Өрттің өршуіне жол бермеңіз, тіпті оның алдын-алып қауіпсіздік ережелерін қадағаласаңыз –мұны өзіңіздің қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесіңіз деп біліңіз.

Кент тауларының сұлу табиғатын, Қызыл-кеніш тарихи ескерткішін, Домалақтасты тамашалап көруге келген демалушыларды орманды қоқыспен ластамай, өртке абай болуға шақырамыз. Таза табиғат- халық байлығы. Табиғат ғажайыптарының қадірін біліп, аялап, сақтап, өрттен қорғап, келешек ұрпаққа қалдырайық ағайын.

Д.Байгунаков

«Тау» орманшылығының орманшысы