​Қарқаралы ұлттық табиғи паркіне 24 жыл

Жақпар тасында арқары секіре билеген, орманында бұланы өкіре күйлеген, көк аспанында қыраны қалықтай самғаған, шыңынан сұңқары шүйіле заулаған, тоғайында құры ойнақ салған, қара орманының саф ауасына құмарымыз қанған Қарқаралы, Бақты, Кент, Қу өңірі – киелі мекен.

1998 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан Республикасы №1212 қаулысымен Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркі құрылды.

Алаштың Атыраудан Алтайға дейін, Арқадан Алатауға дейінгі сайын даласында табиғатына көз тоятын көптеген сұлу өлкелер бар. Соның бірі Сарыарқаның інжу-маржаны – Қарқаралы таулары. Оның тұмса табиғаты мен саф ауасы адамның тәнін емдеп, жанын жазады.

Қорықтық аймақ, экологиялық тұрақтану аймағы, туристік сауықтыру аймағы және шектеулі шаруашылық әрекетінің аймақтарына бөлінетін парк аумағын 75 мемлекеттік инспектор мен қорғау бөлімінің бастығы, табиғат нысандары мен кешендердің инженері, орман шеберлері қорғап, қадағалайды.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркінің бірінші кезектегі мақсаты – фауна мен флораның табиғи мекендерін қорғау. Сонымен қатар туризмді жан-жақты дамыту.

Ұлттық парктің жыл сайынғы ағаш отырғызуы мен жүздеген гектар жерлердегі топырақты минералдандыруы арқасында жалаңаш төбелердің баурайы жабылып, орман өсіп келеді. Бұл әрине көз қуантып, көңілге сенім орнатады.

Бүгінде Ұлттық парктің құрылғанына 24 жыл толып отыр! Осы салада еңбек еткен ардагер аға-апаларымызға мекемеде еңбек етіп келе жатқан баршаңызға төл мереке құтты болсын! Отбасыларыңызға бақыт, шаттық, денсаулық, еңбектеріңізге жеміс, толағай табыс, ұжымда ұйымшылдық, бірлестік тілейміз! Осы салада көптеген жылдар бойы еңбек атқарып келе жатқан, жаңа буынға тәрбие беруші, үйретуші және қолдаушы үлкен апа-ағаларымызға алғыс білдіреміз!????Орманымыз аман болсын, көркейе берсін, гүлдене берсін, және сол ушін әрбіріміздің қосар үлесіміз зор болсын!

Ізгі тілекпен: Қарқаралы МҰТП басшылығы